1/4
қаралды 1303

Наурызбай Таласов- XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында өмір сүрген, ислам дінінің Қазақстанның солтүстік өңіріне кеңінен жайылуына ықпал еткен атақты теолог-ғылым. Халық Науан  хазірет деп танып, құрмет тұтқан имамның есімін Кеңес үкіметі кезеңінде ауызға алудың өзі мұң болатын. Наурызбай Таласов жөнінде Ә. Бөкейханов, М. Жұмабаев, М. Сердалин өз еңбектерінде үлкен ғалым, дана адам ретінде атап көрсетеді. Қазіргі ғалымдар  арасында да Науан хазірет тұлғасына қызығушылық үлкен, зерттеушілер де ол туралы аз жазып жүрген жоқ. Наурызбай Таласов 1843 жылы  Ақмола облысының Зеренді ауданына қарасты Баратай  ауылында дүниеге келген. Ауыл мектебінен хат таныған Науанды әкесі Қызылжардағы  медресеге береді. Қызылжар медресесін үздік бітіріп шыққан ол, сол кездегі Орта Азияда діни ғылым-білімнің орталығы саналатын Бұхар  медресесіне оқуға жолдама алады. Оқуға жүрер алдында еліне келіп, Баратайға жақын, Бесқарай деген жерде мешіттің ашылуына түрткі болып, бірер жыл сонда имамдық қызмет атқарып, тұрақтап қалады.  Оқуға деген құштарлық  бойын жеңген Науан ақыры азын-аулақ қаржы жинап, білім іздеп Бұхараға  кетіп бара жатқан керуенге ілеседі. Бұхара медресесінде табан аудармай 15 жыл оқыған Наурызбай хадис ілімімен қатар шығыстың бай әдебиетін, философиясын иегеріп, көне түрік, парсы, араб, өзбек, татар тілдерін жетік меңгеріп шығады. Науанның қабілетіне  риза болған медресе ғалымдары оны мұсылман ғылым-білім орталығы саналған Бағдатқа білімін жетілдіруге жіберіп, қайтып келгеннен кейін Бұхар медресесінде ұстаздыққа алып қалады. Осы жазбадан Науан хазіреттің Бұхардағы ұстаздық қызметінің ұзаққа созылмағанын, Солтүстік Қазақстанда мұсылмандықты уағыздайтын білімді имамның жоқтығын айтып, Көкшетау мұсылмандарының оны арнайы делегат жіберіп,  Қазақстанға алдырғанын көреміз. Ал 1886 жылы көпшіліктің сұрауымен Науан хазірет Көкшетау мешітіне имам болып тағайындалады. Науан Хазірет тек ислам дінін уағыздаған молда ғана емес, халқының жанашыры, елінің мүддесі үшін құрылған ұлт-азаттық көтерлістің ұйымдастырушысы. Оның еткен еңбегі өткенге- ғибрат, бүгінге-үлгі.

Сізге сондай-ақ ұнауы мүмкін