1/1
қаралды 4648

Қаныкейдің жерленген жері – XVII ғасырдың ескерткіші. Сол бір жорыққа толы замандарда қазақ пен қалмақ арасында соғыс жиі орын алып, жеңіс екі жаққа алма-кезек ауысып отырса керек. Осындай бір жорыққа қазақ ханының Қаныкей атты бойжетіп қалған 15 жасар қызы аттанған екен. Хан қызының қасында құралайды көзге атқан қырық нөкері болыпты. Мерген қыздар соғысқа тікелей араласпай, жебе жетер жерден жаудың қолбасшыларын көзден атып, қалмақтарды көп шығынға ұшыратып отырса керек. Қол бастайтын батырлары бірінен соң бірі ат жалын құшып жатқан соң, қалмақ ханы арнайы жасақ кұрып, қырық қыздан тұратын мергендер тобын біржола кұртпақты көздейді. Сайдың тасындай іріктелген жүз жігіттен тұратын жау жасағы соғыстың бір қызған кезінде қазақ қолын айналып өтіп, мерген қыздарға тұтқиылдан ұрыс салады. Күтпеген жерден тап берген жауға қыздар оңайшылықпен алдыра қоймайды. Саны көп жау жасағымен коян-қолтық ұрыс барысында Қаныкей қыздың аты жау найзасынан ауыр жараланып, иесін жаяу қалдырады. Қазақ қызына тән қайсарлықпен жауға ұмтылған Қаныкейдің өліспей беріспейтініне көзі жеткен калмақтар өжет қызды садақпен атып, мерт қылады…

Жау әскерінің айналып өткенін біліп жеткен қазақ қолы Қаныкейдің кегі үшін қалмақтарды бірін қалдырмай жер жастандырады. Қазақ елінің намысы жолында жанын берген Қаныкей қызды арулап, батырға лайық құрметпен жер қойнына тапсырып, басына қызыл кірпіштен биік қылып зират көтереді. Уақыт өте келе жауын-шашын мен қар суы, жазык даланың желі зират кірпішін мүжіп, тегістеп жіберген. Қаныкей қыздың зираты жатқан сол мекен Өркендеу деп аталады екен. Батыр кыз жерленген мекен жазық далада менмұндалап сонау бір жаугерлік заманның белгісіндей болып әлі тұр.

Сізге сондай-ақ ұнауы мүмкін