1/1
қаралды 1252

«Қос бейіт» – жазық далада алыстан көрінетін қос төбеден пайда болған атау. «Қос бейіттің» маңайын өз заманында көпшілікке әмірі жүріп тұрған, бай адам жайлайтын болған екен. Байдың ай десе аузы, күн десе көзі бар бойжеткен қызы болған деседі. Байдың мыңғырған жылқысын барымташыларға бермей, иткұсқа жем қылмай, қалған жылқышыға бас-көз болып жүретін бір мықты жігіт болыпты. Сол жігіт байдың жан дегенде жалғыз қызына ғашық болады, қыз да жігітті ұнатып қалады. Жігіт араға жеңгелерін салып, қызбен кездесіп сөз байласады. «Ел құлағы елу» дегендей, бұл хабар қыз әкесіне де жетеді. Өз есігінде жалданып жүрген кедей жігітке қыз беруді өзіне ар санаған бай колшоқпарларына бұйырып жылқышы жігітті өлесі қылдырып соққыға жығады. Жігіт жақын бір жамағайының үйінде төсек тартып жатып, қызды алып қашуды мақсат қылады. Ақыры соқыдан жазылып, есін жиған жігіт ат баптап, уәделескен уақытта бай қызын алып қашады. Сөйтсе, бай жігітгі аңдытып қойған екен, сақ отырған бір топ адам екі жасты қуғындап береді. Астындағы аттары қанша жүйрік болса да көп адам жабыла қуып, ұстауға айналады. Бұл көктемгі кар суы еріп, Терісаққан өзенінің тасып жатқан уақыты екен. Қуғыншылар ұстауға таяп қалған соң, екі жас амалсыздан ат-матымен өзенге қойып кеп кетсе керек. Былайғы кезде беті ғана жыбырлап, шым-шымдап ағатын Терісаққан көктем сала буырқана тулап, арындап ағатын болса керек, кос ғашықты ағызып ала жөнеледі. Қатты ызаға бой алдырып, қуып келе жатса да қызының ажал тырнағына ілінерін білген бай екі жасты кұтқаруға қанша тырысқанымен долы өзен шыр айналдырып, тереңіне тартып кетеді. Жалғыз қызынан айырылған бай өзінің тым қатты кеткеніне өкініп, тірісінде қосылмаған екі жасты жер қойнына қатар жерлейді.

Кесене Жақсы ауданы Терісаққан ауылы маңында орналасқан.

Сізге сондай-ақ ұнауы мүмкін