1/1
қаралды 1340

Ерейментау ауданындағы барлық нысандар кешені әйгілі Бөгенбай батырдың атымен байланысты. Олар облыстың рухани киелі жерлері болып саналады. Бөгенбай батыр кешеніне батырдың жерленген жері, стела және Бөгенбай батыр атындағы тарихи музей кіреді.

1775 жылы Ереймендегі Қоржынкөл басындағы Қанжығалы Бөгенбай батыр ауылы Сілетідегі жайлауға көшіп шығады. Сілеті өзенінің терістігінде ағып жатқан Киікбай өзекшесінен өткен соң Бөгенбай батыр жаппа күркенің ішінде 98 жасында дүние салған екен. Ол кезде хан Абылай Омбы жағына жол жүріп кетсе керек. Мәйітті хан келгенше қарағай бөренелерден биік сөре жасап, былғарыға орап, сонда сақтайды.

Сол жер кейін Бөгенбай сөресі деп аталып кеткен. Ескерткішке «Бұл жерде 1775 жылы қазактың қамал қорғаны болған батыр Бөгенбай қайтыс болған» деген жазуы бар гранит тастан тактайша орнатылған.

1991 жылы маусым айында Ерейментау каласына кіреберістегі төбешікке Бөгенбай батыр стелласы орнатылды. Стела мырышпен қапталған металл құрылымнан тұрады. Жоғарыға қарай өрлеген найзалары және оған асылған қалқандары бар үш бөлімді орталық композиция үш жүздің бір күмбез астында жиналғанын бейнелейді. Үш найзаны біріктіретін қалқанында «Қорған болған еліме, айбар болған жеріме, қойылды осы ескерткіш, бұрын Бөгенбайдай еріме. XX ғасыр ұрпақтарынан» деп жазылған.

Сізге сондай-ақ ұнауы мүмкін