1/1
қаралды 3735

Ордасын Көкшетауға тіккен Абылай ханның отыз ұлы болған. Абылайдың қалмақ қоңтайшысы Қалдан Сереннің қызынан дүниеге келген баласы Қасым сұлтанның бәйбішесі Айкүмістен Кенесары (алты ағайынды – Саржан, Есенгелді, Көшек, Ағатай, Бопай), екінші әйелінен Наурызбай туған. Кенесары өзге бауырлары секілді көшпелі әскери ақсүйектер қауымының дәстүріне сай жастайынан шабандоз, ұшы-қиырсыз даланың қатал табиғатына шыныққан, қиындыққа төзімді болып тәрбиеленеді. Жеке басының ерлік қасиеттері, бірбеттігі, алға қойған мақсатына жету жолындағы қайсарлығы мен дүлей күш-жігері оның жетекшілік қабілетін айналасына ерте мойындатқан. Кенесарының саяси көзқарасының қалыптасуы Ресей империясында Петр І билігі кезеңінен басталған Ресей мен Қазақ хандығы арасындағы қатынастар сипатымен тығыз байланыста болды. Ресей империясы өзіне шекаралас жатқан Қазақ хандығын, күллі Азия елдері мен жерлеріне бастар қақпа деп есептегендіктен, оны Ресейге қосып алу қажеттігіне ерекше мән берген-ді. Қазақ хандығы аумағын империяға күштеп қосу оның отарлануымен қатар жүрді. Ресей отаршылдығының ерекшелігі – «орыс солдатының соңынан орыс мұжығы ілесіп отыратындығында, сөйтіп, жаулап алған жерін орыс жеріне айналдырып жіберуге тырысатынында» (М.Шоқай) еді.
1827 жылдан бастап Абылайдың ұрпақтары қазақ хандығын патшалық Ресей езгісінен босату жолындағы күресте белсенділік танытты. Кенесарының әкесі Қасым мен үлкен ағасы Саржан бастаған жасақтар орыс ауылдары мен керуендеріне шабуыл жасап тұрды, қазақ ауылдарын отарлық бұғаудан босатты.Міне солардың жолын жалғастырушы Кенесары Қасымұлы да мемлекет тәуелсіздігінің өте маңызды іс екенін халық санасына құюда қыруар еңбектер атқарды. Мемлекет мүддесін қорғау жолында жауды жеңіп, тәуелсіздікке қол жеткізу үшін халықты біліктілікпен басқару көп септігін тигізетінін ол жете түсінді. Кенесары Қасымұлы өз айналасына ең адал кеңесшілер мен батырларды, халық арасынан отарлық езгіге қарсы ең беделді, белсенді азаматтарды топтастыра білді. 1838 ж. Ақмола, Ақтау қамалдарына шабуыл жасаудан басталды. Көтерілісшілер қамалдарды өртеп жіберді. Кенесары соғыс ауқымын Торғай арқылы Кіші жүз жеріне қарай кеңейтті. 1841 ж. қыркүйекте Кенесары үш жүздің өкілдері жиынында қазақ халқының ханы болып сайланды. Осы жылы Кенесарының әскері Қоқан хандығыныңиелігіндегі Созақ, Жаңақорған, Ақмешітқамалдарын алды.

Сізге сондай-ақ ұнауы мүмкін